Жаңалықтар

Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жас отау» облыстық жас отбасылар байқауы өтті.

Байқауды ұйымдастырудағы мақсат —  жастар арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеу,  халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын , қазақ отбасындағы тәлім-тәрбиені  жан-жақты насихаттау. Аталмыш сайысқа аймағымызға қарасты аудан-қалаларда өткен іріктеу кезеңінен бас жүлде иеленген  17 команда қатысты.

Қатысушыларға 5 ұл, 5 қыз, 22 немере, 18 шөбере тәрбиелеп отырған Әлімғазы Райымбеков пен Гүлжауар апа бата беріп, сәттілік тіледі.  Жас отбасылар  «Жүйрік болсаң, шауып көр», Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Өнерліге өріс кең» сынды кезеңдер бойынша өзара сынға түсті.

Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас «Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Шағын мемлекеттегі тәлім-тәрбие өмірлік азық болары сөзсіз. Отбасы институтын нығайтып, жас ұрпақты  тәрбиелеу ата-ана алдындағы жауапкершілігі зор  міндет. Аталмыш байқауда қатысушылар тапсырмаларды орындау барысында  өзіндік қағидаларын ұстана отыра, жанұяның  бірлігін, ұйымшылдығын көрсете білді. Үлгілі әке, өнегелі ана атанып, шаңырақтары шаттыққа толып, аға буын өкілдерінің жолын берсін» -деді.