Облыс әкімі Амандық Баталов Талғар ауданы «Лесная сказка» туристік кешені аумағында облысымыздың, аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарының жетекшілері, жұмысшы жастар, «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Серпін-2050», «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламаларының қатысушылары, «Көшбасшы» жастар сыйлығының иегерлері, «VIP» ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары, жас ғалымдар, білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласының өкілдері, жас депутаттар, Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері, ауылшаруашылығы мамандары, көп балалы жас отбасылар, «Жас отау» байқауының жеңімпаздары, жас кәсіпкерлермен бейресми түрде жүздесті. 

Облыс әкімі белсенді жастар арасында тығыз байланыс орната отырып, жер жәннаты Жетісу өңірінің өнерлі де өрелі жастарымен емін-еркін пікір алмасып, жастар қауымы өздерін барынша еркін ұстап, облыс әкіміне ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен Талғар ауданының әкімі Райхан Садықова қатысты. 
Табиғат аясында облыс басшысы өз сөзінде: 

– Асқаралы Алатаудың баурайында өңіріміздің өздеріңіздей жалындаған жастарымен кездесіп отырғаныма зор қуаныштымын, осындай сұлу табиғаттың төрінде отырып, ой-пікір бөлісуге келген әрбіріңіз бақыттысыздар. Себебі, біз табиғаты көркем, топырағы бай, жасыл желекті өңірде дүниеге келіп, еңбек етіп жатырмыз. Бұл – бізге бұйырған бақыт, – деді Амандық Ғаббасұлы және облыстың өркендеп, дамуына атсалысып жүрген жастардың шетінен дарынды, талантты, еңбекқор екендігін ерекше атап өтті. 

Сонымен қатар, жастар арасында экстрималды ойын түрлері, сондай-ақ, футбол мен волейболдан жарыстар ұйымдастырылды. 

Ғылымның өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын арнаған жас ғалымдар Мағжан Ысқақов, Ксения Мерешкова, Шыңғыс Нұрғожаев, Гүлім Асхатқызы, Жігер Берліқожаның ғылыми еңбектері облыс әкімінің қаржылай қолдауына ие болды. 

Кездесу соңында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы жастардың сұрауы бойынша бірге ән шырқап, көтеріңкі көңіл күймен естелік суретке түсу рәсіміне қатысты.