Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай, салауатты өмір салтын насихаттау, қысқы спорт түрін дамыту мақсатында Талдықорған қаласының №12 орта мектебінің хоккей мұз айдынында Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар ресурстық орталығы, «Жас Отан» жастар қанаты, «Жасыл ел» штабының ұйымдастыруымен хоккей ойынынан жарыс өтті.


«Жастар» кубогы сарапқа салынған турнирге Талдықорған қаласының жалпы білім беретін оқу орындарынан келген 14 команда қатысып, бақ сынады.

Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. \"Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық спортты дамыту туралы сөз қозғағанда, балалар спортына үлкен көңіл бөлу қажеттігін үнемі ерекше атап өтеді. Осы бағытта мемлекеттік қолдаудың арқасында нәтижелі істер атқарылуда. Жас спортшылардың сүйікті спорт түрімен толыққанды айналысуына жан-жақты жағдай жасалуда. Сіздердің араларыңыздан болашақта жоғары санатты кәсіби спортшы шығатындығына сенімдімін. Баршаңызға жоғары спорттық нәтижелер мен жетістіктер тілеймін. Спортпен шұғылданып, салуатты өмір салтын ұстаныңыздар!\", - деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар, өзі де мұз айдынға шығып, белсенді жастармен хоккей ойнады.

Күннің суықтығына қарамастан, мұз айдынындағы хоккей қызықты да, тартысты болды.
Финалдық ойында қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген №8 орта мектеп командасы турнир жеңімпазы атанды. Ал, екінші орын № 1орта мектеп командасы, жүлделі үшінші орынға №12 орта мектеп командасы командасы лайық деп танылды. Турнир жеңімпаздары мен үздік ойыншы¬ларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.