Жаңалықтар

Талдықорғанда Б. Римова атындағы драма театрда дәстүрлі «Көшбасшы-2018» Алматы облысы әкімінің жастар сыйлығын тапсыру кеші өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Амандық  Баталов қатысты.

Марапат  19 номинация бойынша табысталды. Биыл, алғаш рет «Жастар ісі жөніндегі үздік әдіскер-нұсқаушы», «Аудандық жастар ресурстық орталығының үздік маманы», «Үкіметтік емес жастар ұйымының үздік көшбасшысы» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды.

Жеңімпаздарға арнайы мүсін мен диплом және  250 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Жастарды құттықтау барысында: Жастар - біздің болашағымыз. Облысымыздың жастары - белсенді, жан-жақты, креативті және табысты. Жетісулық жастар білімі мен өз еңбегінің, нәтижелі істерінің арқасында еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып жатыр. Жастарға деген қомқорлық, оларды барынша қолдау біздің басты мақсатымыз. Сол себепті де біз жыл сайынғы жастар саясатын дамытуға арналған қаражатты көбейтіп отырмыз. 2018 жыл жастар үшін өте табысты болды. Биыл 57 млн теңгеге "Жастар жолы" жобасы іске асты. Соның нәтижесінде 10 ауданда жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған 18 орталық ашылды, - деді  өңір басшысы Амандық Баталов.

Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, өңір өнерпаздарымен бірге эстрада жұлдыздары – Alem  Band тобы мен жас әнші Ziruza өнер көрсетті.