Алматы облысы әкімдігінің 2016 жылғы «11» шілдедегі № 367 қаулысымен бекітілді

 

«Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы Ереже

 

1. Жалпы ережелер

 

1. «Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Алматы облысы аумағындағы мемлекеттік жастар саясаты саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 040000, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талдықорған қаласы, І.Жансүгіров көшесі, 13А.

10. Мемлекеттік органның толық атауы - «Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

12. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

 

14. Басқарманың миссиясы: Алматы облысы аумағында мемлекеттік жастар саясаты саласында мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыру.

15. Міндеттері:

1) жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

2) жастарды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тарту;

3) азаматтыққа тәрбиелеу және қазақстандық патриотизм сезімін нығайту;

4) өңірлерде мемлекеттік жастар саясатын ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету;

5) жастардың мәдени бос уақыты мен демалысы үшін жағдайларды қамтамасыз ету.

16. Функциялары:

1) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру;

2) өзекті проблемаларды анықтау және шешу, мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру үшін мониторинг жүргізуді және жастардың қажеттіліктерін бағалауды қамтамасыз ету;

3) жастардың волонтерлік қызметін және жастардың өзін-өзі басқаруын дамытуға жәрдемдесу;

4) жастар ресурстық орталықтарын құру, олардың қызметін қамтамасыз ету және үйлестіру;

5) өңірлік жастар форумын өткізуді қамтамасыз ету;

6) қазақстандық патриотизмді, конфессияаралық келісім мен этносаралық тағаттылықты нығайту жөнінде шаралар қолдану;

7) Қазақстан Республикасының Үкіметі анықтаған тәртіпте жастар саясаты саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және іске асыру;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген басқа функцияларды жүзеге асыру.

17. Құқықтары мен міндеттері:

1) мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан өз қызметіне қажетті ақпаратты сұрату және алу;

2) оперативті басқару құқығымен қарасты мүліктерді пайдалануды жүзеге асыру;

3) заңнамада белгіленген тәртіппен жастар саясаты іс-шаралары бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу;

4) Басқарма құзыретіне жататын облыс әкімі, әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындау;

5) Басқарма мүдделерін барлық құзыретті, мемлекеттік, әкімшілік органдарда, мекемелерде, ұйымдарда, сондай-ақ сот және құқық қорғау органдарында білдіру;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде жастар саясаты саласында басқа да құқықтарды және міндеттерді жүзеге асыру.

 

 

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

 

18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

19. Басқарманың бірінші басшысын Алматы облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

20. Басқарманың бірінші басшысының орынбасарлары жоқ.

21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:

1) құрылымдық бөлімше директорының, Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін өз құзыреті шегінде айқындайды;

2) Басқарма қызметкерлерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;

3) Басқарманың қарамағындағы құрылымдық бөлімше директорын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және босатады;

4) Басқарма қызметкерлерін, қарамағындағы құрылымдық бөлімше директорын заңнамада белгіленген тәртіппен ынталандырады және тәртіптік жазалар қолданады;

5) өз құзыреті шегінде бұйрық шығарады;

6) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда өз құзыреті шегінде Басқарманың мүддесін білдіреді;

7) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді, сол үшін жеке жауапкершілікте болады;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады.

Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

  

4. Басқарманың мүлкi

 

22. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

23. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

  

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

 

25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Басқарманың қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі:

«Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.